Ресми бөлімнің алдында алқа қатысушылары мұнай-газ және энергетика секторының қазақстандық жетекші компнаияларының стендтерін қарап шықты, онда Ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ-ның да көрмесі қойылған.
Өз баяндамасында, Энергетика министрі, осы жылдың 1 қаңтарындағы деректер бойынша Қазақстанда табиғи газға ел тұрғындарының 45,5% қол жеткізгенін хабарлады. Өткен жылы 50 елді мекен газдандырылды, 180 683 адам көгілдір отынды пайдаланды.
«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ қаражаты есебінен жалпы тұрғын саны 137 470 адамды құрайтын, 15 елді мекен газдандырылды. Ақтөбе облысында – 10, Маңғыстау облысында – 2, Қызылорда облысында -1, Қостанай облысында -2 елді мекен газдандырылды.
Сондай-ақ, Қанат Бозымбаев өндірістік көрсеткіштерді де атап өтті. Энергетика министрлігінің деректері бойынша өткен жылы 46,4 млрд текше метр газ өндірілген, 2017 жылы 48,1 млрд текше метр газ өндіру жоспарланған. Қазақстанда табиғи газды тұтыну көлемі өткен жылы 13,1 млрд.текше метрді құрады, осы жылға жасалған болжам -13,2 млрд.текше метр.
2016 жылы 13,7 млрд текше метр газ экспортталды, 2017 жылға арналған жоспар – 13,7 млрд. текше метрді құрайды, бұл ретте Қазақстан аумағы арқылы газды тасымалдау көлемі 75,8 млрд. текше метр, соның ішінде ресей газын тасымалдау – 37,5 млрд.текше метрді, түркімен газы – 29,3 млрд текше метрді, өзбек газы – 8 млрд текше метрді құрайды. 2017 жылғы газ тасымалдау жоспары 75, 8 млрд. текше метрді құрайды.
Энергетика министрлігі айтып өткендей, Бейнеу-Бозой-Шымкент магистральдық газ құбыры арқылы шамамен 4,9 млрд. текше метр, соның ішінде өткен жылы – 2,1 млрд. текше метр газ тасымалданған. Компрессорлық станцияларды салу есебімен, жобаны толық аяқтау осы жылға жоспарланып отыр. Жобалық қуаттылық 10 млрд. текше метрге дейін жеткізілетін болады, бұл, егер тиісті шарттарға қол қойылатын болса, отандық газды Қытайға экспортқа шығаруға мүмкіндік тудырады. Қазіргі уақытта Қазақстанның қолданыстағы газ тасымалдау жүйесі арқылы ресей газын Қытайға тасымалдау мүмкіндіктері қарастырылып жатыр. Сонымен бірге, газ құбыры Қазақстанның оңтүстік облыстарының 600-дей елді мекенін немесе 2 млн адамды газдандыруға жағдай тудырады.
Энергетика министрлігінің деректері бойынша, бүгінгі күні Қазақстан-Қытай газ құбырының үш желісі арқылы Қытай бағытына шамамен 172 млрд текше метр транзит газы тасымалданған, соның ішінде 2016 жылы – 35 млрд. текше метр.
Министр, сондай-ақ көмір қабаттарының метанын пайдалану бағытына да тоқталып өтті. Бұл, Қазақстан метан ресурстары бойынша дүние жүзінің 10 жетекші елдерінің қатарына кіретіндіктен, келешегі мол болып саналады. «ҚазТрансГаз» АҚ 2015 жылдан бастап метанды барлау, өндіру және талдау жұмыстарын жүргізе бастады, ал өткен жылдан бастап Қарағанды көмір бассейнінің Шерабайнұр көмірлі ауданында жобаны іс жүзінде жүзеге асыра бастады.