Кешенді жоспардың қабылдануы газ нарығын реттеудің жаңа тәсілдерін әзірлеуге, газ саласына инвестиция тартуға жағдай жасауға, тауарлық газ өндірісін ұлғайту үшін газ-ресурстық базаны кеңейтуге және отын-энергетика кешенін одан әрі дамытуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, тұтынушыларды үздіксіз және қауіпсіз газбен жабдықтауды қамтамасыз етеді.

«QazaqGaz» ҰК» АҚ тауарлық газдың ресурстық базасын ұлғайту, ішкі газ нарығын, газ транзиті мен экспортын, газ химиясы мен терең өңдеуді дамыту, инвестициялық және операциялық тиімділікті арттыру жөніндегі жұмыстарды қамтитын Кешенді жоспарды жүзеге асыруға қатысады.

Біріншіден, газ барлау және өндіру секторындағы теңгерімделген активтер портфелін қалыптастыру және ірі жобалар үшін жер қойнауын іске асыру құқығын алу үшін, QazaqGaz Ұлттық компания мәртебесін пайдаланады.

QazaqGaz қолданыстағы газ өңдеу зауыттарының қуаттарын жүктеуді қамтамасыз ету үшін газ өңдеу жобаларындағы рөлін күшейтеді.

Бұдан басқа, ресурстық базаны кеңейту мақсатында Ұлттық оператор мүдделі органдардың бекітуіне ынталандыру шараларының кешенін ұсынды.

Газ өндіру бойынша неғұрлым дайын жобаларды іске қосу және газды өңдеу көлемдерінің ұлғаюы есебінен 2030 жылға қарай тауарлық газ өндірісін +15 млрд. м3 өсіруге болады.

Екіншіден, Ұлттық оператор тауарлық газ ресурсының тапшылығы және ішкі нарықтағы тиімсіз баға жағдайында «Газ және газбен жабдықтау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына әлеуметтік әділетті баға реформасы бойынша кешенді ұсыныстар жасап, нарықтық бағамен тауарлық газды сатып алуға дайын тұтынушылар санаттарының тізбесін кеңейту қажет деп тапты.

Ішкі нарықты дамыту үшін компания 2030 жылға қарай газдандыру деңгейін 65%-ға дейін ұлғайтып, шығынсыздыққа қол жеткізуді мақсат етіп отыр. Тәуелсіз газ тарату ұйымдарының жеке инвестицияларын тарту арқылы Қазақстан Республикасын газдандырудың Бас схемасын іске асыру жұмыстары жалғасатын болады.

Үшіншіден, газ тасымалдау бағытында жаңа жобаларды іске асыру, олардың өзін-өзі өтеп, компания қызметіне синергетикалық әсер бергенде ғана жүзеге асады.  

Төртіншіден, ұлттық оператор газ химиясы және терең өңдеуде ең тиімді жобаларды жүзеге асыру барысында газды нарықтық баға бойынша беруді мақсат етеді. Жаңа энергетика және газ химиясы жобаларын дамыту (метанол, карбамид, аммиак, түйіршіктелген күкірт, көк сутегі, тыңайтқыштар және т.б. өндіру) басым міндет болып табылады.

Бесіншіден, QazaqGaz өз қызметінде ESG жоғары принциптерін және корпоративтік басқару стандарттарын үнемі ұстанатын болады. Осы қағидаттарды сақтау үшін компания бизнесті жүргізу, қоршаған ортаны қорғау, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету және адами капиталды дамытуда үздік халықаралық тәжірибені қолдануға ниетті. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес компанияны IPO-ға шығару жұмыстары жүргізілуде.