Деректерге сәйкес, есепті кезең ішіндегі шоғырландырылған кіріс 343,2 млрд. теңгені құрады, бұл өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 42%-ға артық. Ал «ҚазТрансГаз» АҚ компаниялар тобының шоғырландырылған таза пайдасы 75,9 млрд. теңгені құрады, бұл былтырғы жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 34,4 млрд. теңгеге немесе 83%-ға жоғары.
Айта кетерлігі, отандық тұтынушыларға газды өзіндік құнынан төмен бағада сату себепті ішкі нарықтағы газ операцияларынан келген 48,9 млрд теңге көлеміндегі шығынға қарамай осындай қомақты кіріске қол жеткізіліп отыр.
Ұлттық оператор еліміздегі ірі салық төлеушілердің бірі болып табылады. 2019 жылдың бірінші тоқсаны үшін «ҚазТрансГаз» АҚ компаниялар тобы бюджетке 40,1 млрд. теңгеден астам сомаға салықтар мен бюджетке өзге де төлемдерді төлеген.
Есепті кезеңдегі газ өткізудің көлемі 7,2 млрд. текше метрді, оның ішінде ішкі нарыққа өткізу 5,03 млрд. текше метрді, экспортқа 2,2 млрд. текше метрді құраған.
"ҚазТрансГаз" АҚ – Қазақстанның газ және газбен жабдықтау саласындағы ұлттық операторы. «ҚазТрансГаз» АҚ компаниялар тобының құрамына газ және оны өңдеу өнімдерін өндіретін, тасымалдайтын және өткізетін кәсіпорындар мен ұйымдар кіреді.
«ҚазТрансГаз» АҚ баспасөз-қызметі
Тел: +7(7172)55 23 16