Бүгін «ҚазТрансГаз» АҚ Алматы облысы Жамбыл ауданы «Сұраншы батыр» ауылының тұрғындарына күрес түрлеріне арналған заманауи спорт кешенін сыйға тартты. Спорт кешені қазақтың әйгілі Сұраншы батыр есімімен аталып отыр.
Су жаңа спорт ғимаратының құрылысы толықтай газ саласындағы Ұлттық оператордың қаржысына салынды. Бұл - «ҚазТрансГаз» АҚ үшін, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жүзеге асырған жобаларының бірі.
Нысанды Алматы облысының өзге елді-мекендерінде кездеспейтін бірегей спорт кешені деп атауға болады. Ғимаратта спортшылар толыққанды жаттығу өткізіп қана қоймай, мұнда республикалық, тіпті халықаралық деңгейдегі жарыстарды ұйымдастыруға мүмкіндік бар.
Заманауи спорттық және жаттығу құралдарымен жабдықталған ғимараттың жалпы аумағы 1000 ш.м. тең. Ғимаратта соңғы жетістіктерге сай келетін желдеткіш жүйесі, автономиялық шағын жылыту қазандығы орнатылған. Бұған қоса, кешен ауласында жасанды көгалды мини-футболға арналған алаң бар.
Бұл – спортпен жаппай шұғылдануды қолдау мен баршаның спортпен айналысуын арттыруға бағытталған мемлекетіміздің стратегиялық саясатын қолдауға Компаниямыздың қосқан үлесі. Осындай спорт кешенінің ашылуы – болашақ ұрпақтың саламатты өмір салтын ұстанып, еліміздің мықты тірегіне айналар нағыз патриоттары болып өсуіне қазық болатын бүгінгі жастарымызды дұрыс тәрбиелеу үшін ең қажетті шаралардың бірі.
«ҚазТрансГаз» АҚ отандық спорттың дамуына үлкен мән беретінін атап өту керек. Қазіргі уақытта Астанада «Жекпе-жек сарайы» спорт кешенінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. «ҚазТрансГаз» АҚ осы әлеуметтік жобасы да компанияның өз қаржысына салынуда.
«ҚазТрансГаз» АҚ – Қазақстандағы газ және газбен жабдықтау саласындағы ұлттық оператор. «ҚазТрансГаз» АҚ құрамына газ өндіруші, тасымалдаушы және газ бен оны өңдеу нәтижесінде пайда болатын өнімдерді өткізуші компаниялар кіреді.
"ҚазТрансГаз" АҚ-ның Баспасөз-қызметі
Тел: +7(7172) 55 23 16