Газ жеткізілген Қызылсеңгір, Тұғыр, Заңғар, Қақпақ, Сырлысай, Бағыс, Шымырбай, Дарбаза, Жаңаталап, Тегісшіл, Таскескен, Мәдениет, Мәдениет-2, Жылысу, Ақүй, Дастан, Алғабас, Құркелес және Таскескен-2 елдімекендеріне көгілдір отын "Қақпақ" және "Таскескен" автоматты газ тарату станцияларынан берілетін болады. Бұл ауылдарда 22 мыңнан астам адам тұрады.
Жиынтығы 300 км астам газ құбыры салынды, бұл 5000-нан астам отбасына табиғи газға қол жеткізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Таратып айтсақ, 22 000-нан астам тұрғын және 250-ге жуық әлеуметтік сала мен кәсіпкерлік нысандары көгілдір отынның қызығын көреді.
«Мен мұнда 35 жыл тұрдым, күлмен, пеш жағумен және көмірмен алысып, көп азаптандық. Бұл өте қиын болды. Мен тіпті «газ келеді» дегенге де сенбедім, кейін қарасақ, құрылысшылар қазуды бастады, содан кейін газ мамандары келді. Қазір менің үйім ауылдағы көгілдір отынға қосылған алғашқы үй болып тұр. Біз қуаныштымыз, біз бақыттымыз, енді бұрынғыдай азап шекпейміз деп", - дейді Бағыс ауылының тұрғыны Тамара Әбетова.
Шекара маңындағы Бағыс ауылы мен оған жақын маңдағы елдімекендерді газдандыру жұмыстары ең қысқа мерзімде – 2021 жылғы мамырдан тамызға дейін орындалды. Бірінші болып көптен күткен көгілдір отынға Бағыс және Тегісшіл ауылдарының үйлері қосылды, символдық түрде газ алауы жағылды. Енді жоғарыда аталған елді мекендерді газға қосу жұмыстары кезең-кезеңімен жалғаса береді.
Ауыл тұрғындарын бүгінгі қуаныштарымен құттықтай отырып, газ қызметкерлері тұрғындарға қауіпсіздік ережелері жазылған жадынамалар таратты. "Газ – тиімді де пайдалы отын, бірақ оны пайдалану кезінде қауіпсіздік шаралары бірінші кезекте тұруы керек" дейді газ мамандары.
Газдандыру жұмыстары қарқын алған Қазығұрт ауданында 64 елдімекен бар, оның ішінде 44 ауыл газдандырылған, бұл 68% құрайды. Сарыағаш ауданындағы 72 елдімекеннің 42 -сі газдандырылған, бұл ауданда газдандыру көрсеткіші 58% - ға жетті. Келес ауданында газдандыру деңгейі 46,9%, яғни аудандағы 83 елдімекеннің 39-ы газға қосылған. Осы елдімекендерді газдандыру арқылы Түркістан облысы бойынша газдандыру деңгейі 66,2 пайызға жетіп отыр.
Осы жылдың наурыз айында Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың тапсырмасы бойынша вице-премьер Е. Тоғжанов Бағыс ауылының тұрғындарымен кездесті, онда ауылдарда газдың болмауы мәселесі көтерілді. Кездесу қорытындысы бойынша облыс әкімдігіне және ұлттық операторға проблемалық мәселелерді шешу бойынша шаралар қабылдау туралы тапсырма берілді.
«ҚазТрансГаз» АҚ Баспасөз қызметі
тел: +7(7172) 55 23 16