ҚР Үкіметіінің қаулысымен 10 тамыз мемлекеттік мерекелер күнтізбесіне енгізілді. Яғни жыл сайын осы күнді біз ұлы баба рухын ұлықтап, арнайы мереке ретінде атап өтетін боламыз.
Тарихи датаға орай елімізде 100-ге жуық іс-шара өтпек. Мәдениет және Спорт министрлігінің ақпаратына сай, ұлы ойшылдың тұлғасы мен мұрасын ұлықтау Семейдегі «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорығында басталады. Сондай-ақ, «Абай және XXI ғасыр: болашақпен сұхбат» атты халықаралық конференция өтеді. Оған танымал ғалымдар мен абайтанушылар қатысады. Бұдан басқа, Абай қорық музейі мен «Абай-Шәкәрім» кесенесіне онлайн экскурсия жасауға болады. Абай – қазақтың ғана емес, адамзаттың ақыны. Сондықтан ұлы ойшылдың шығармалары әлемнің 8 тілінде оқылмақ. Осы мақсатта «Abai world challenge» атты видеомарафон ұйымдастырылады. Челленджге əлемнің түкпір-түкпірінен ғалым-зерттеушілер, аудармашы, жазушы, зиялы қауым өкілдері, Төтенше жəне Өкілетті Елшілері қатысады.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Egemen Qazaqstan газетіндегі бүгінгі «Абай – рухани реформатор» атты мақаласында «біз Абайды ХІХ ғасырда өмір сүріп, ХХІ ғасырдың сөзін сөйлеген данышпан ретінде әлемге танытуымыз керек. Сонымен қатар оны ұлттық сананы жаңғыртуға зор ықпал еткен рухани реформатор ретінде дәріптеуге міндеттіміз. Түптеп келгенде, әрбір қазақ Абаймен мақтануға тиіс!»-деп атап өтті.
Абай ақындық шығармаларында қазақ халқының әлеуметтік, қоғамдық, моральдық мәселелерін терең зерделеумен арқау еткен. Шығыс пен Батыс мәдениеті мен өркениетін жетік білген ол бірқатар әлем ойшылдарының еңбектерімен жақсы таныс болған.
Философиялық трактаттар стилінде жазылған «Қара сөздері» – тақырып ауқымдылығымен, дүниетанымдық тереңдігімен, саяси-әлеуметтік салмақтылығымен құнды.
Оның шығармалары бүгінгі күнге дейін әлемнің 60 тіліне аударылған.