Ұзындығы жағынан әлемдегі үшінші газ құбыры болған «Орта Азия - Орталық» магистралының құрылысы Қазақстандағы газ саласының қалыптасуында үлкен рөл атқарды. Құбырдың отандық экономика үшін әлі күнге дейін тигізер пайдасы мол. Себебі Орта Азияда өндірілетін газдың қомақты бөлігі осы құбыр арқылы өтеді. Сонымен қатар ішкі нарықтың қажеттілігін қамтамасыз етуге, экспортқа шығарылатын көгілдір отын да тасымалдануда. Газ құбыры төрт мемлекеттің – Түрікменстан, Өзбекстан, Қазақстан және Ресей аумағы арқылы өтеді.
Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстары аумағымен өтетін магистралдық газ құбырын пайдалануды және техникалық қызмет көрсетуді толықтай «ҚазТрансГаз» АҚ құрамындағы «Интергаз Орталық Азия» АҚ жүзеге асырады.
1985 жылы «Орта Азия-Орталық» газ құбыры – жылына 80 млрд текше метр газ өткізуге қауқарлы көп тармақты магистралдық жүйе деңгейіне жетті. 2007 жылы САЦ-4 лупингі (қосарлы құбыр), 2008 жылы «Опорная» компрессорлық станциясы, 2013 жылы «Мақат» станциясы салынды. 2014 жылы «Жаңғала», «Мақат», «Опорная» және «Бейнеу» компрессорлық станцияларында еліміздің оңтүстік аймақтары мен Қытайға газ айдайтын реверстер іске қосылды. Сол жылы САЦ-4 лупингі мен «Союз» магистралдық құбырының арасын жалғайтын құбыр салынды. Бүгінде «Орта Азия-Орталық» газ құбырына еліміздегі ең ірі кен орындары - «Қашаған», «Теңізшевройл», «Шоғырлы» және «Шөмішті» жалғанған.
Салтанатты жиында сөз алған «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ газ тасымалдау және сақтау жөніндегі аға вице-президенті Ибулла Серді жиналған қауымды айтулы күнмен құттықтап, «Орта Азия-Орталық» магистральдық газ құбырының маңыздылығын атап өтті: «Қазақстанның газ саласында «Орта Азия-Орталық» магистральдық газ құбырының алар орны ерекше. Бүгінгі күні ҚазТрансГаз Ұлттық оператордың газшыларының арқасында оның техникалық жай-күйі өте жоғары деңгейде. Бұл газ құбыры бірегей болып табылады және оның қуаты, техникалық сипаттамасы көгілдір отынмен Қазақстанның оңтүстік өңірлерін ғана іркіліссіз қамтамасыз етіп қоймай, сондай-ақ газды Ресейге, одан әрі Еуропаға және Қытайға да экспорттауға мүмкіндік береді».
Бұл газ құбыры газ саласындағы көптеген еңбек әулеттерінің қалыптасуына себепші болды. Бүгін бұл жерден «Орта Азия-Орталық» газ құбырының құрылысын бастап, өткен ғасырдың 60-шы жылдары күш-жігерін сарп етіп, іске қосқан жұмыскерлердің ұрпақтарын кездестіруге болады. Олар өз міндеттерін абыроймен орындап жүр, осы істі бастаған мамандардың жолын жалғап келеді. Бүгінгі Қазақстанның, Ресейдің және басқа да елдердің мұнай-газ саласында еңбек етіп жүрген көптеген топ-менеджерлер, үздік инженерлер мен техникалық директорлар осы құбырдың «мектебінен» өтіп, «Орта Азия-Орталық» газ құбырында жұмыс істей жүріп, тәжірибе жинақтады. Осы магистральда тұңғыш енгізіліп, сынақтан өткен көптеген технологиялар мен нормативтік құжаттар газ тасымалдау саласында бүгін де қолданылып келеді.
Салтанатты жиында сөз алған қазақстандық газ мамандары, шақырылған сарапшылар Қазақстанның бүгінгі газ тасымалдау жүйесі Еуразия аумағындағы үздік инфрақұрылым екенін ерекше атап өтті. Қазақстандық газ саласы ең озық жабдықтармен жарақтанып, заманауи технологиялық процестерді өндіріске енгізді. Бұл газ және газбен жабдықтау саласындағы Ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ соңғы бірнеше жылда қол жеткізген айтулы жетістігі деп бағалануда.
"ҚазТрансГаз" АҚ – Қазақстанның газ және газбен қамту саласындағы Ұлттық операторы. "ҚазТрансГаз" АҚ Компаниялар тобына газ өндіретін және оның өнімдерін тасымалдап, жеткізумен айналысатын кәсіпорындар мен ұйымдар кіреді.
«ҚазТрансГаз» АҚ Баспасөз қызметі
Тел: +7 7172 55 23 16