Мемлекет басшысына ұлттық компанияның бірінші жартыжылдықтағы қаржылық-шаруашылық көрсеткіштері, газ саласында жүзеге асып жатқан реформалар барысы туралы есеп берілді. 


Сонымен қатар, Санжар Жаркешов Қасым-Жомарт Тоқаевқа ұлттық компанияның инвестициялық жобалары туралы баяндады. 2022 жылдың басынан бері QazaqGaz Атырау, Маңғыстау облысы және Алматы қаласында жалпы сомасы 400 млрд теңгенің жобаларын жүзеге асыруда.  


Өткен жылдың басынан бері ұлттық компания халық пен бизнеске 389 млрд теңгеге газ бағасына субсидия жасады. Сол кезеңде 450 мыңға жуық қазақстандық газға қол жеткізді. 


Бұдан басқа, Санжар Жаркешов газ дефицитінің қысқа мерзімді тапшылығы туралы қабылданған шешім бойынша ақпарат берді. Ұлттық компанияның қолға алған шараларының арқасында елімізде алдағы күзгі-қысқы жылыту маусымында газ ресурсы жеткілікті болмақ. 


Мемлекет басшысына Бейнеу-Бозой-Шымкент магистралды газ құбырының екінші тармағын салу және Қытай Халық Республикасымен жаңа экспорттық контракт барысы туралы ақпарат берілді.  


Сонымен қатар, Санжар Жаркешов газ саласында орта мерзімді перспективада іске асатын стратегия мен газ өңдеу қуаттарын арттыру жолында қолға алынған шаралар туралы айтты. Саланың инвестициялық тартымдылығын арттыру мен елімізді одан әрі газдандыру мәселесі де көтерілді.  


Президентке газдың ресурстық базасын арттыру бойынша жүзеге асып жатқан жұмыстардың барысы жөнінде айтылды. Ұлттық компания Басқарма төрағасының айтуынша, осы жылдың соңына дейін жаңа Анабай кен орны іске қосылады. Сондай-ақ, Придорожное кен орнын өңдеу бойынша дайындық жұмыстары басталды.  


Кездесу соңында Мемлекет басшысы ішкі нарықты тұрақты түрде газбен қамтамасыз ету, жылыту маусымын жайлы өткізу, газ ресурсын үнемді тұтыну мен газ бағасын қалыптастырудың реформасы бойынша бірқатар тапсырма берді.