«QazaqGaz» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Санжар Жаркешов «Бір белдеу – бір жол» форумы аясында энергетика саласындағы ынтымақтастыққа арналған дөңгелек үстелге қатысты. Кездесуге қатысушылар Энергетикалық бағыттағы Жібек жолын құру мүмкіндіктерін, сондай-ақ қауіпсіз және қолжетімді энергетикалық жобаларға ұмтылуды көздейтін тың жоспарларды талқылады. Дөңгелек үстел жұмысына әлемнің түрлі елдерінен ірі мұнай-газ компанияларының басшылары қатысты. Атап айтқанда CNPC, «Газпром» ЖАҚ, Sinopec, «Түрікменгаз» МК және т.б.
Санжар Жаркешов Қазақстанның газ саласы мол ресурстар қоры мен елдің бірегей орналасуы есебінен энергетикалық бағыттағы Жібек жолында маңызды орынға ие бола алатынын атап өтті.
«Үлкен транзиттік әлеуетке, ресурстарға және газ қорларына ие бола отырып, Қазақстан өзіне ғана емес, басқа елдерге де қолдау көрсете алады. Біздің еліміздің транзиттік ел ретінде де, энергетикалық ресурстар бойынша өңірдегі донор ел атануына да әлеуеті бар», - деді ұлттық компания басшысы.
Сонымен қатар, «QazaqGaz» басшысы жеке мұнай-газ компанияларын, «Бір белдеу – бір жол» бастамасына қатысушы елдердің жеке және институционалдық инвесторларын геологиялық барлау, өндіру, тасымалдау, газ өңдеу, газ-химия және газ құбырларын салу саласындағы ынтымақтастықта белсенділік танытуға шақырды.