«QazaqGaz» ҰК» АҚ орталық аппаратында Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Мейірбек Ихсановтың төрағалық етуімен жұмыстың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша кеңейтілген кеңес отырысы өтті. Іс-шараға орталық аппарат басшылары, сондай-ақ өндірістік филиал директорлары – бейнеконференцбайланыс арқылы қатысты. «QazaqGaz» ҰК» АҚ HSE қызметінің басшысы Алтай Джакубалиев 2024 жылдың алғашқы бес айын қорытындылады.
Сондай-ақ, Near Miss (салдары жоқ оқиғалар) тергеуінің нәтижелерін жариялады. Тергеу барысында кемшіліктер анықталып, мұндай жағдайлардың қайталанбауы үшін түзету шаралары мен ұсыныстар әзірленді.
«QazaqGaz» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Мейірбек Ихсанов барлық Near Miss тергеуінің маңыздылығын атап өтіп, компанияның әр қызметкері өздерінің денсаулықтары мен өмірлері үшін жауапкершілікті алуы тиіс екендігін ескертті.
Сонымен қатар, кездесу барысында «Интергаз Орталық Азия» АҚ, «QazaqGaz Onімдері» ЖШС және қосалқы мердігер «Қағам» ЖШС келесі тақырыптар бойынша баяндамалар жасады:
- Жалынды жұмыстарды ұйымдастыру және өткізу;
- Жалынды жұмыстары кезінде қарастырылған қауіпсіздік шаралары;
- Жүктерді көтеру кезіндегі сақтық шаралары.
Алтай Джакубалиев HSE саласындағы аса маңызды мәселелерді талқылау үшін осындай кеңейтілген отырыстар өткізудің маңыздылығын атап өтті.