Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында Анабай газ кен орны пайдалануға берілді.
Жаңадан ашылған кен орнын «Qazaqgaz барлау және өндіру» ЖШС қажетті жабдықтармен қамтамасыз етті, газ ұңғымаларын консервациялау бойынша тиісті жұмыстар атқарылды. Бұдан бөлек, аталған ұйым «Анабай-Жарқұм» газ құбырын салды. Қазіргі уақытта барлық құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды.
«QazaqGaz ресурстық базасын арттыру бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Тауарлық газ көлемін ұлғайту жөніндегі компания қабылдаған Жол картасы жобасында бірнеше газ кеніштерін, оның ішінде жаңа «Анабай» кен орнын іске қосу көзделген. QazaqGaz газдың өзіндік ресурстық базасын арттыру үшін жер қойнауын геологиялық зерттеуге және жаңа учаскелерді геологиялық барлауға лицензия алу бойынша тиісті жұмыстарды жүргізуде», - деді QazaqGaz Басқарма Төрағасы Санжар Жаркешов.
2023 жылы газ өндіру 6,5 млн текше метрге, ал 2028 жылы өндіру деңгейі 44 млн текше метрге жетеді деп күтілуде. Анабай кен орнынан алынатын, газ көлемі ішкі нарықтың қажеттіліктерін қамтамасыз етуге бағытталады.
«QazaqGaz барлау және өндіру» ЖШС Бас директоры Алмас Қуандықовтың айтуынша, жаңадан іске қосылған «Анабай» кен орнының қоры 4 млрд текше метрді құрайды. Бұл жобаға тартылған инвестиция көлемі 12 млрд теңгені құрады. Кен орнын одан әрі бұрғылау жоспарлануда.
Естеріңізге сала кетейік, «QazaqGaz «ҰК» АҚ 2022 жылғы қарашада «Амангелді Газ» ЖШС-не трансформациялау жүргізіп, оның нәтижесінде ұйым «QazaqGaz барлау және өндіру» атауымен қайта құрылды.