Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Италияға ресми сапары аясында QazaqGaz және Pietro Fiorentini компанияларының арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.
Бұл маңызды әріптестік Италия мен Қазақстан арасындағы екіжақты қатынастарды нығайту мақсатында компаниялар арасындағы ынтымақтастық үшін берік негіз құруға бағытталған.
Құжатқа итальяндық компания тарапынан Pietro Fiorentini бас атқарушы директоры Паоло Нарди, ал Қазақстан тарапынан "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ Басқарма төрағасы Бауыржан Асқаров қол қойды.
Келісімнің негізгі тармақтары газ тарату саласында инновациялық шешімдерді әзірлеу және енгізу мақсатында өзара дамуды және бірлескен жобаларды іске асыруды көздейді. Келісімде ақпарат пен тәжірибе алмасу, технологияны беру жолдарын қарастыру жағы да жазылған. Бірге атқаратын жобалар қатарында деректерді беру функциясы бар газ есептегіштерін орнату жобасы да көрсетілген.
Сонымен қатар, заманауи газ жабдықтары бойынша бірлескен біліктілік оқуларын ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Осы өзара серіктестік туралы келісім – заманауи газ инфрақұрылымын дамытудағы Қазақстан мен Италияның әріптестік қатынастарының маңыздылығын айқындайтын қадам болып тұр.
Итальяндық Pietro Fiorentini S. p.a. компаниясы табиғи газ көлемін реттеуге және есепке алуға арналған компоненттерді, жүйелерді әзірлеуде, өндіруде және сатуда жетекші компания болып табылады.