«Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов QazaqGaz компаниясында кеңес өткізіп, Компанияның 2023 жылғы жұмыс нәтижелері және 2024 жылға жоспарлар туралы есепті тыңдады.
Сонымен қатар, Нұрлан Жақыпов ұлттық газ компаниясының Бірыңғай диспетчерлік орталығының жұмысымен танысты. Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен QazaqGaz өткен жылы еліміздің энергия қауіпсіздігі үшін маңызды жобаларды іске асырды. Қазақстанның батыс өңірін тұрақты газбен жабдықтауды қамтамасыз ету үшін «Сарша» және «Жылы жағажай» елді мекендерін газдандыру жобасы аяқталды.
Сондай-ақ «Мақат-Солтүстік Кавказ» магистральдық газ құбырының лупингі (лупинг - қуатты кеңейту үшін негізгі құбырға қатарлас тартылған құбыр) және «Бейнеу-Жаңаөзен»екінші желісі салынды. Маңғыстау облысында Жаңаөзен-Ақтау газ құбырының 3 желісіне күрделі жөндеу аяқталды. Бұдан басқа, Алматы энергия кешені үшін газ инфрақұрылымы құрылысының бірінші кезеңі аяқталды (Алматы ЖЭО-ны газға ауыстыру мақсатында). 2023 жылы 107 елдімекен газбен жабдықтау жүйесіне қосылды, нәтижесінде 206 мыңнан астам адам газды пайдалануға қол жеткізді.
Анықтама үшін: «QazaqGaz» ҰК» АҚ Бірыңғай диспетчерлік орталығы 2015 жылы құрылды. БДО тәулік бойы тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесін және газ тасымалдау жүйесі (ГТЖ) объектілерінің жұмыс режимін еншілес ұйымдардың диспетчерлік қызметтері арқылы басқарады. БДО іргелес мемлекеттердің ГТЖ диспетчерлік қызметтерімен (Газпром, Узтрансгаз, Түрікменгаз, Газпром-Қырғызстан, Trans-Asia Gas Pipline - ҚХР) өзара іс-қимыл жасайды.