Сағат 14.00 Жамбыл облысында газбен жабдықтау толық қалпына келтірілді. Естеріңізге сала кетсек, кеше Байзақ ауданында құлаған ағаш орта қысымды газды зақымдаған болатын. Соның салдарынан Түймекент, Айман-төбе, Диқан, Жеңіс елді мекендері мен «Здоровье» саяжай бірлестігіндегі 1,5 мың тұтынушы газсыз қалды. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Жамбыл өндірістік филиалы мен «Интергаз Орталық Азия» АҚ «Тараз» магистралдық газ құбырлары басқармасы қызметкерлерінің күшімен зақымданған газ құбыры қалпына келтіріліп, аталған елді мекендердегі әлеуметтік нысандар түнде түгелдей газға қайта қосылды. Өзге аудандарда апатты жағдай тіркелген жоқ. Облыс орталығында да газ беру тоқтатылмады. Тараз қаласында газ тасымалдау жүйесі жаңғыртылғаннан кейін газ үш сатылы жүйемен беріледі. Соның арқасында қалада зақымданған газ құбырларын жөндеу кезінде тұрғындар «көгілдір отыннан» қол үзген жоқ.