«ББШ» МГҚ құрылысы Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаға кіреді. Осы жобаның арқасында республиканың оңтүстігін батыстағы кен орындарынан отандық табиғи газбен тұрақты қамтамасыз ету мүмкіндігі туды.

«Бейнеу-Бозой» учаскесін – газ құбырын пайдалануға енгізу өзінің маңыздылығына қарай тарихи оқиға болып табылады, ол еліміздің барлық магистральдық газ құбырларын бірыңғай газ тасымалдау жүйесіне қосты. Бұл Қазақстанның аумағы арқылы кез келген бағытта газ тасымалдауды әртараптандыруға және импорттық газға деген тәуелділікті толығымен жоюға мүмкіндік берді. Осылайша, ҚазТрансГаз транзиттік әлеуетті арттыру және энергия ресурстарын тасымалдау бойынша Мемлекет басшысы қойған міндеттерді іске асыруды жалғастырады, - деп «ҚазТрансГаз» АҚ Басқармасының төрағасы Қайрат Шәріпбаев атап өтті.

Осы жобаны аяқтау 2016 жылдың сәуір айына жоспарланған болатын, алайда газ құбыры 5 ай бұрын – жылыту маусымының басталуына қарай пайдалануға енгізілді. Бұдан басқа, тиімді менеджмент пен инновациялық басқару нәтижесінде «ҚазТрансГаз» АҚ аталған учаскені салу барысында бастапқы жоспарланған сомадан шамамен
150 млрд. теңге (500 миллион АҚШ доллары) үнемдеді. Әлемдік экономикадағы тұрақсыз ахуал және қаржыландыру көздерінің шектелуі жағдайында дәл осындай үнемді тәсілдер инфрақұрылымдық жобаларды дамытуды жалғастыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар магистральдық газ құбырының арқасында республика халқының тең жартысы тұратын оңтүстік облыстардағы 577 елді мекенге қосымша газ берілетін болады.

«ҚазТрансГаз» АҚ Баспасөз қызметі 

87172 552316