«QazaqGaz» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының геологиялық барлау және перспективалық жобалар жөніндегі орынбасары Ұлан Бүркітов Қазақстанның мұнай-газ саласының астанасы – Атырауда алғаш рет өткізілген SPE Caspian 2024 техникалық конференциясының ашылуына қатысты. Конференция 500-ден астам қатысушыларды, соның ішінде әлемнің жетекші сарапшылары мен бизнес өкілдерінің басын біріктірді.

Конференция аясында пленарлық отырыс өтті. Ұлан Бүркітов Каспий өңірінің жаһандық энергетикалық экожүйедегі стратегиялық рөлі туралы сұрақтарға жауап беріп, газ саласын дамыту бойынша ағымдағы жұмыстарға және перспективалы жобаларды жүзеге асыруға ерекше назар аударды. 

«QazaqGaz» ғылыми-техникалық орталығының бас директоры Мейір Шералы энергетикалық қауіпсіздік және жаңа энергетика көздеріне көшу мәселелеріне арналған жиынға қатысты. Ол энергетика саласының жаһандық үрдістері мен сын-қатерлері мәселелерін көтерді.

Сонымен қатар, техникалық сессиялар аясында геологиялық барлау басқармасының аға менеджері Махаббат Дүйсекова көмір қабатындағы метанды игерудің өзектілігі туралы баяндама жасады.

Жаһандық энергетикалық нарықтың трансформациясы жағдайында газ саласының мүмкіндіктері мен міндеттеріне арналған сессияға ерекше назар аударылды. Сессия модераторыың рөлін барлау және өндіру бизнесін дамыту департаменті директорының міндетін атқарушы Авазхан Зуппаров атқарды. Сондай-ақ, шикі газды өңдеу департаментінің директоры Арай Қайыржанова QazaqGaz ұлттық компаниясының газды тасымалдау және өңдеу саласында жүзеге асырылып жатқан жобаларына тоқталды.

SPE Caspian Technical Conference — Мұнай-газ саласындағы тәжірибе алмасу, ынтымақтастық пен инновацияны нығайту үшін халықаралық платформа ретінде қызмет ететін мұнай инженерлері қоғамы (SPE) ұйымдастыратын жыл сайынғы іс-шара.