25 шілдеде QazaqGaz ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Санжар Жаркешов пен Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің қатысуымен QazaqGazдың корпоративті оқу орталығы ашылды.
Іс-шараға қатысушылар оқу орталығын аралап, газ мамандарын оқытуда пайдаланылатын VR-тренажердың презентациясына қатысты.
QazaqGaz басшысының сөзінше, ұлттық оператор адам ресурсын стратегиялық тұрғыда пайдаланудың қажеттілігін түсінеді.
«Қызметкерлерді оқыту мен олардың біліктіліктерін арттыру, компания дамуының маңызды тетігі”,-деді Санжар Жаркешов.
QazaqGazдың оқу орталығы - газ саласы мамандарының біліктілігін арттыру, қайта даярлау мен квалификацияларын нығайтуда біріккен корпоративті орталық ролін атқарады.
Оқу орталығының жұмысы аясында Solar Turbines, Baker Hughes және басқа шетелдік компаниялармен серіктестік орнатуды жоспарлап отыр. Бұдан басқа, ғылыми-техникалық орталықтың қызметкерлері компаниялар тобында оқу процесін цифрландыруға арналған “Білім QG” платформасын таныстырды. Сонымен қатар, газ саласында құзыреттілікті арттыратын “Кемеңгер” және Ішкі тренерлер мектебі жобалары туралы айтып берді.
Айта кетейік, биылғы жылдың 1 ақпанында “QazaqGaz” ҰК” АҚ Басқарма төрағасының шешімімен, оқу орталығы “QazaqGaz Ұлттық ғылыми-техникалық орталық” ЖШС құрамына өтті.
Осы сәттен бастап, оқу орталығында оқытудың әдістемелік құралдары мен тәсілдерін өзгерту және жаңа LMS жүйесіне көшу бағытында ребрендинг жүргізілуде. Сонымен қатар, компаниялар тобының қажеттіліктеріне сәйкес, газ саласы қызметкерлерін оқытып, олардың құзыреттілігін дамыту бойынша жаңа жобалар қарастырылуда.